Астанада биыл геологиялық зерттеу орталығы салынады. Бұл туралы бүгін баспасөз конференциясы барысында ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Нұрлан Сауранбаев хабарлады.
Вице-министрдің мәлімдеуінше, Қазақстанда геологиялық кластер құру қажеттігі өте өзекті мәселе болып отыр. Орталықтың құрылысын биылғы жылдың соңына қарай бастау жоспарлануда. Аталмыш орталық өз алдына геологиялық кластер ретінде қалыптаспақ.
«Орталықтың құрылысы осы жылдың аяғында басталады. 2016 жылы алғашқы ғимаратты пайдалануға береміз деп жоспарлап отырмыз. Мұнда ғылыми жұмыспен айналысуға бар жағдай жасалады, инжинирингтік компаниялар, инвесторлар осы жерге шоғырландырылады. Бұл геологиялық кластер 400-500 жыл бойы еліміздің экономикасын дамытуға септігін тигізуі керек», - деді вице-министр Нұрлан Сауранбаев.
Оның айтуынша, орталық құрамына лабораториялық зерттеу кешені, тәжірибелік өндірістік алаң, 10 мың шаршы метр аумақты алатын жер жыныстарының сынамасын (керн) сақтайтын қойма, ғылыми орта енетін болады.
Геологиялық зерттеу орталығын салу үшін Назарбаев унивеситетінің қасынан 7 гектар жер қарастырылып отыр.