Қазақ әндері қалай жинақталды? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ әндері қалай жинақталды?

06.03.2014
Қазақ әндері қалай жинақталды?
Ұлтымыздың аса бай ән өнерін дамытуға Абай бастаған, Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақ, Мұхит, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Әсет, Естай, Нартай сияқты халық композиторлары өлшеусіз үлес қосты. Затаевичтің «Қазақтың 1000 әні» атты  еңбегінде «Ескі ән» деген атаумен кездесетін әндер де бар.
 
Қазақ жеріне табан тіреген дат ғалымы Волюсон халқымыз туралы: «Қазақтардың өмірінде ән аса маңызды орын алады. Мұндайды өзге халықтардан кездестіру екіталай. Олардың қуанышы да, қайғысы да өлеңмен құйылады. Қазақтар ән шығаруға керемет шебер және өздерінің әншілерін өте құрметтейді» десе, 18 ғасырдың алғашқы ширегінде Орынбор, Бұқара, Арал теңізі арқылы ескі Яксартқа келген Менендорф қазақ әндерін тыңдап, таңдай қаққан деседі.
 
Қазақ даласына келген талай жиһанкезді таңғалдырған қазақ әндері қалай жинақталды? Бастауын қайдан алған еді?
 
1923 жыл, 22 тамыз. Совнаркомның күнтәртібінде Халық әртісі А.В.Затаевичтің «Қазақ халқының әндері» жинағын бастырып шығаруына қаражат мәселесі қаралды.
 
ҚР Халық әртісі, әнші Қайрат Байбосынов: «Қазақтың өнері өшіп қалмасын, келер ұрпаққа мұра болып қалсын деген мақсатпен, сол уақытта Совнаркомда қызметте жүрген Сәкен Сейфуллин Семейде қаражаты бөлініп қойған, бірақ әлі салынбаған кірпіш зауытының ақшасын Затаевичке аудартады»,-дейді.
 
Совнаркомның төрағасы бола тұра, Сәкен өз кабинетінде отырып, Затаевичке екі күй, төрт ән орындап берген.

Хабарламаларға жазылу