«Malaysia Airlines» әуе компаниясының осыдан біраз уақыт бұрын жоғалған ұшағындағы қытайлық жолаушының ұялы телефоны жұмыс істеп тұр. Бұл туралы «РИА Новости» хабарлайды.
Пекин телевизиясынан ағасының нөмірін теріп, қоңырау соққан адамның бейнесін көрсеткен. Ол үш рет қоңырау соққан. Қоңырау барып тұр, тек ешкім көтермеген. Жолаушының туыстары «Malaysia Airlines» әуе компаниясына телефонның қуаты бітіп қалмай тұрғанда, сигналдардың қайдан шыққанын анықтау үшін спутниктік технологияларды пайдалануды сұрады.
Ал ұшқыштар Оңтүстік-Қытай теңізінде іздеу операцияларын жүргізу барысында ұшақ қалдықтарын тапқан. Бұл жоғалған «ұшақтың есігі және артқы бөлшектеріне ұқсайды».
Еске сала кетейік, «Malaysia Airlines» әуе компаниясының Малайзия астанасы Куала-Лумпурдан Пекинге бағыт алған «Боинг-777» ұшағы 8 наурыз күні жоғалып кетті. Бортта 227 жолаушы мен 12 экипаж мүшесі болған.