Ақмола облысы Есіл ауданының 680 адам тұратын Калачи ауылындағы жағдай 2013 жылғы наурыз айында алғашқы науқас аурухана түскен сәттен бастап ерекше бақылауда, деп хабарлайды Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі.
Хабарламада көрсетілгендей, осыған дейін бас айналу, ұйқышылдық, үйлесімнің бұзылуы сияқты ауру белгілерімен 33 науқас облыстың емдеу ұйымдарына жүгінген. Ауру белгілері өтпелі сипатта болып, 2-3 күннен соң науқастар өздерін жақсы сезінген. Мамандардың айтуынша, мұндай ауру жыныс және жас ерекшеліктеріне байланысты емес. Симптомдар негізінен наурыз-мамыр айларында байқалды.
Әрбір жағдайды Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің ғылыми орталықтары мен комитеттері, Қазақстан Республикасы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі агенттігі мамандары кірген арнаулы комиссия жеке қараған. Комиссия жұмысы барысында 2013 жылы ауа құрамы 500, радиациялық фон 760 рет өлшеніп, азық-түлік, су және адам ағзасына әсер ететін басқа да қоршаған орта факторлары тексеріліп, биологиялық материалдардың (шаш, тырнақ және т.б.) 29 үлгісі зерттелді. Барлық көрсеткіштер шекті нормадан аспайды, делінген хабарламада.