Жақында эстониялық фотограф Каупо Киккас Египеттен ескі кинотеатр тапты. Ол Шарм-эль-Шейхқа жақын жерде орналасқан. Бұл туралы Киккас өзінің жеке блогына жариялаған.
Фотограф Google maps-тан Синай түбегіндегі қырлы нысандарды байқаған. Азия мен Африканы байланыстыратын шөл даланың үшбұрышты болып келген бөлігінің дәл ортасында ашық аспан астындағы жерге қазып орнатылған кинотеатр табылды. Фотограф кинотеатр атақты курортқа жақын жерде орналасса да, оны осы уақытқа дейін ешкімнің байқамағанына таңғалғанын айтады.
Өзінің осы жаңалығын әрі қарай зерттей түскен ол кинотеатрды 10 жыл бұрын француздық кәсіпкердің ашқанын анықтаған. Кәсіпкер кинотеатрға орындықтар, үлкен экран және басқа да қажетті заттарды сатып алады. Алайда, салтанатты рәсім кезінде тұтас кинотеатрға жарық беріп тұрған генератор істен шығады. Соның салдарынан шөл даладағы алғашқы көрсетілім тоқтатылады. Ал француз бизнесмені үшін бұл соңғы сеанс болды.
Жергілікті билік шетелдік кәсіпкердің бұл ісін құп көрмей, жобаны жалғастыруға тыйым салады. Нәтижесінде, ол барлығын тастап, еліне қайтады. Содан бері 150 орындық шөл далада желдің өтінде әлі тұр. Жергілікті халық оны «Ақырзаман кинотеатры» деп те атап кеткен.