Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Білім және ғылым министрлігі Әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижановпен кездесті
Кездесу барысында Қазақстанның гуманитарлық ғылымының жай-күйі және зиялы қауым өкілдерінің қазіргі замандағы рөлі талқыланды.
Нұрсұлтан Назарбаев интеллигенция өркендеген қуатты мемлекет құру үшін қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға ерекше үлес қосуға тиіс екенін атап өтті.
У.Қалижанов институттың қазіргі қызметі мен алдағы кезеңге арналған жоспарлары туралы хабардар етті. Ол Мұхтар Әуезовтің шығармашылық мұрасын зерттеуге және насихаттауға бағытталған жұмыстар, сондай-ақ, қазақ әдебиетінің тарихы саласындағы зерттеулер жөнінде әңгімеледі.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы композитор Шәміл Әбілтаев пен жазушы Дулат Исабековты қабылдады. Кездесуде отандық мәдениет пен әдебиеттің әлемдік аренадағы алар орны туралы әңгіме өрбіді.