Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Ерменсай ауылында тау бөктеріндегі құрғақ ши өртеніп жатыр. Бұл туралы Алматы облысының ТЖД баспасөз хатшысы Азамат Жұртбаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Азамат Жұртбаевтың айтуынша, тілсіз жау шамамен 20-22 гектар жерді шарпыған. «Өрт шалған жердің солтүстігі мен оңтүстігі өшірілді. Қазір батыс жағы өшіріліп жатыр. Бұл жерде ешқандай ауылшаруашылық, болмаса өзге де нысандар орналаспаған. Өртті өшіруге 13 техника мен 50 жеке құрам қызметшісі жұмылдырылды. Қызыл жалын жергілікті халықтың салғырттығынан тұтанды деген болжам бар. Қазір жаппай сенбіліктер ұйымдастырылуда. От жергілікті халықтың аймақты тазалап, жинау кезінде қоқысты өртеуімен тұтануы мүмкін», - деді ол.
Облыстық ТЖД мамандары өрттің шығу себептерін анықтау үстінде.