Алматыда тағы 3 базарды жою жөнінде шешім шықты. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Болат Сауранбаев мәлімдеді, хабарлайды ҚазАқпарат.
«Алматыда тағы 3 базарды сүру туралы шешім қабылданды. Қалада жалпы алғанда 17 базар толық, ал 11 базар жартылай сүріледі. Қазір 6 базар толығымен сүрілді, екеуі бойынша тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр, 2 базарға қатысты материал сотта қаралуда», - деді ол.
Оның айтуынша, базар орнында болашақта кең жол мен көлік тұрағы пайда болады.
«1 мамырдан бастап Жетісу ауданындағы, 1 маусымда Алатау ауданындағы қызыл желіге шығып кеткен базарларды толық жоямыз. Жұмысты толық қадағалау үшін арнайы штаб құрылатын болады», деді Болат Сауранбаев.