Владимир Штыгашев Қазақстаннан кешірім сұрады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Владимир Штыгашев Қазақстаннан кешірім сұрады

13.04.2014
Владимир Штыгашев Қазақстаннан кешірім сұрады
Хакасия парламентінің төрағасы Владимир Штыгашев Қазақстан халқының наразылығын туғызған өзінің  ЖК Президиумындағы айтқан сөздеріне қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Хакасия» ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
 
Еске сала кетейік, жергілікті басылымдардың бірі Жоғары кеңес төрағасының мына бір сөзін келтірген болатын: «Шығыс Қазақстан облысы немесе кенді Алтай. Кенді Алтай әр кезде де Ресей құрамында болған. Қазақстанның өз жері негізі аз еді. Осы жерді беру жөнінде шешім қабылданды, сол кезде өтіп кеткен... Біз Қазақстанға  5 облысты бердік...».
 
Парламент баспасөз қызметі оның сөздерінде ешқандай саяси астар болмағандығын айтып сендіруге тырысқан еді. Енді Штыгашев бұл мәселеге қатысты өзінің жеке пікірін білдіріп отыр.
 
Оның мәлімдемесін Хакасия басшысының әкімшілігі таратты:
 
«Жекелеген бұқаралық ақпарат құралдары таратқан менің бірқатар пікірлерім екіұшты түсінік қалыптастырғанына өкініштімін.
Мен тату-тәтті әрі көпұлтты ұжымы бар балалар үйінде тәрбиелендім. Ол соғыстан кейінгі уақыт болатын. Содан бері көптеген өзге ұлтты достарыммен әлі күнге дейін қарым-қатынасымды үзген жоқпын. Біз ортақ тіл табысып, бір-біріміздің дәстүрімізді және түпкі шыққан ұлтымызды құрметтедік.
 
Ресей империясының, кейін КСРО-ның шекарасы қалай өзгергендігі туралы тарихи тұрғыдағы ой-пікірлерім осындай оғаш қабылданғанына қатты таңғаламын. Ешбір мемлекетке, соның ішінде Қазақстанға тарихи құқық пен аумақтық наразылық туралы ешқашан айтқан емеспін. Олар біздің көрші, біздің досымыз және әріптесіміз. Менің сөздерім ел арасында түсініксіздік туғызып, бауырлас халқымыздың көңіліне қаяу түсіргені мені қатты қынжылтады. Егер мен өзімнің сөздеріммен біреуді ренжітсем, шын ниетпен кешірім сұраймын», делінген мәлімдемеде.
 
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ресейдің ҚР-дағы Елшісін осы оқиғаға қатысты түсініктеме беру үшін шақыртып алды.
 
Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы Григорий Пинчук: «Владимир Штыгашев мәлімдемесі - арандатушылық. Оның сөзін шығысқазақстандықтар айыптайды», деп мәлімдеді.

Хабарламаларға жазылу