Бостон халықаралық марафонына 36 мыңдай спортшы тіркелген. Биыл марафонға қатысушылардың саны былтырғыға қарағанда тоғыз мың адамға көп.
Жарысты миллионға тарта көрермен тамашалайды деп күтілуде. Бақылау-өткізу пункттары көрермендерге сөмке, рюкзак әкелуге тыйым салған. Өзімен бірге тек ашық пакет алуға рұқсат.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жасалып отырған бұл шарттар спортшыларға да қатысты. Қалталары бар кеудеше немесе ауырлық тартатын заттары бар киім киген спортшы жүгіруге қатыса алмайды.
Еске сала кетейік, 2013 жылы Бостон марафоны кезінде бомба жарылып, 3 адам қаза тапты. 260-тан аса адам жарақат алған.