Қарағанды облысы Көкпекті ауылындағы төтенше жағдайға байланысты екі қылмыстық іс бойынша күдіктілер анықталды, деп хабарлады ҚазАқпарат Қарағанды облысы ІІД бастығы Мергенбай Жаппаровқа сілтеме жасап.
«Тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктілерді анықтадық. Қазір қосымша сараптама тағайындалды», - деді Көкпектідегі ТЖ себептері мен мән-жайларын тергеу жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында М. Жаппаров. Бірақ кімге айып тағылатыны нақтыланған жоқ.
«Сараптама қорытындысын алғаннан кейін, толық ақпарат беретін боламыз», - деді ІІД бастығы журналистерге берген сұхбатында. ТЖ министрі Владимир Божконың айтуынша, бақылаушы органдардың да жауапкершілігі анықталуда.
«Әрине, бөгеттердің тексерілгеніне байланысты айтарлықтар қиындықтардың бары рас, оған қатысты қорытындыға қол қойылған. Қазіргі уақытта комиссия қылмыстық іс шеңберінде кім тексергенін, әзірлік актісіне кім қол қойғанын анықтау үстінде. Біз үшін де қазір ең шешуші сәт осы», - деп атап өтті ТЖМ басшысы журналистерге берген сұхбатында.