Тарихта елін, жерін жауға бермеген Жәнібектер аз емес. Көпшілік әсіресе, Хан Жәнібек пен Шақшақұлы Жәнібекті жақсы біледі. Ал Абылайдың оң қолы – Қабанбай, Бөгенбай батырлармен үзеңгілес Ер Жәнібек туралы көп айтыла бермейді.
Биыл Жоңғар шапқыншылығына қарсы шыққан батырдың 300 жылдығы. Мерейтойға орай өткізілетін іс-шаралар жоспары да айқын.
«Ер Жәнібекті Қытайда, Алтайда жақсы біледі. Алайда, Қазақстан халқы аса біле қоймады. Сондықтан, бұл – Ер Жәнібек тарихта өзінің орнын алуы үшін жасалып жатқан шаруа»,-дейді «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының президенті Мақсұт Темірбай.
Ер Жәнібектің батырлығымен қатар, ақындығы, шешендігі де болған көрінеді. Әсіресе, шетелдегі қандастар батыр есімін жақсы біледі. Сол себепті, 300 жылдықты өз елдерінде де атап өтпек ниетте.
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқа төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамаштың айтуынша, біздің елде батырдың мерейтойы өткелі жатыр дегенді естіген шетелдегі қазақтар өздерінің де атсалысқысы келетіндіктерін жеткізген.
«Моңғолия, Қытай, Түркия, Ресей, Еуропадағы қандастар да өз үлестерін қоспақшы»,-дейді ол.