Қазақстандық оқушы Google-дің жаңа бағдарламаларын жасайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандық оқушы Google-дің жаңа бағдарламаларын жасайды

03.05.2014
Қазақстандық оқушы Google-дің жаңа бағдарламаларын жасайды
Өскемендегі Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Жарас Әлімханов «Google Glass»бағдарламасына қосымша ойлап тауып, Испанияда өткен халықаралық «Through» сайысының жеңімпазы атанды.
 
Осылайша ол компанияның өзге де бағдарламаларына қосымша ойлап табатын мүмкіндікке ие болып отыр. Бұл туралы «Казахстанская правда» басылымы хабарлайды, деп жазады Tengrinews.kz.
 
Сайыста қазақстандық оқушы 125 қатысушының арасында ТМД елдері атынан жалғыз өзі қатысқан. Жалпы сайысқа қатысушылардың талабы бірдей болды. Ол – «Google Glass»бағдарламасына өз қосымшаларын енгізу. 
 
Өз кезегінде Жарас Әлімханов онлайн режимде аудио және текстік материалдарды аударатын қосымша жасауды ұсынды. Сайыстың ережесіне сай ол жанына білікті бағдарламашы және дизайнерлерді алып, өзінің қосымшасының қысқаша таныстырылымын көрсетті.
 
Бұл жоба сайыстың төрешілерімен мақұлданып, бірінші орынға ие болды. Енді келісімшарт бойынша Жарас бастаған бір топ бағдарламашы Google корпорациясының жаңа жобаларына қатысатын болады.
 
Жарас Әлімханов Валенсияда өткен халықаралық сайысқа Start Up Weekend  ESIC жаңа технологиялар өндіретін халықаралық компанияның шақыртуымен барған. 
 
Сайыстың ұйымдастырушылары оған әлемнің кез келген ЖОО тапсыруға мүмкіндік беріп отыр. 

 

 

Хабарламаларға жазылу