Қазақстан өзінің ғарышкерін 2017 жылы ұшырады. Бұл туралы кеше Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев хабарлады.
Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде осы бағытта агенттік тарапынан күрделі әрі нақты жұмыстар атқарылуда.
«Келіссөздер жүргізілуде. Алдын ала мәліметтер бойынша, 2017 жылға қарай осыған қол жеткізуіміз мүмкін деп айта аламын», - деді Талғат Мұсабаев.
Белгілі болғандай, ғарышқа ұшуға кандидат ретінде Айдын Айымбетов тіркеліп тұр. Сонымен қатар агенттік басшысы ғарышқа өзге де адамдар дайындықтан өтетінін жеткізді.
Талғат Мұсабаевтың айтуынша, біздің ғарышкерді ұшыру үшін бүгінде Халықаралық ғарыш станциясы құрамындағы бірқатар елдердің рұқсаты керек. Осы орайда олардың маманының орнына қазақстандық ғарышкерді жіберуге рұқсат алу - күрделі мәселе, деп жазады ҚазАқпарат.