Қытай: Құрылысшылар жергілікті тұрғындарды соққыға жыққаны үшін кешірім сұрады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қытай: Құрылысшылар жергілікті тұрғындарды соққыға жыққаны үшін кешірім сұрады

09.05.2014
Қытай: Құрылысшылар жергілікті тұрғындарды соққыға жыққаны үшін кешірім сұрады
Шыңжаңда «Чжунго Цзяотун Цзяньшэ Цзитуань» қытай құрылыс компаниясы жұмысшылары мен жергілікті тұрғындар арасында болған жанжал құқықтық негізде қаралуда, деп хабарлады ҚазАқпарат ҚХР бұқаралық ақпарат құралдарына сілтеме жасап.
 
Мамырдың 2-і күні Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесі Үрімжіқаласының маңындағы Дабачэн ауданында жол жөндеумен айналысатын Қытай компаниясының жұмысшылары мен жергілікті тұрғындар арасында жанжал шыққан.
 
Мұнда екі жақ бір-біріне күш көрсеткен. Қытайдың әлеуметтік желілерінің ақпараты бойынша, жаппай төбелеске 100-ден астам адам қатысқан. Қақтығыс салдарынан жергілікті екі тұрғын, сол жердегі этникалық қазақтар (ҚХР азаматтары) зардап шеккен. Қазір оларға медициналық көмек көрсетілуде.
 
Қақтығыс биліктің жергілікті тұрғындарға тиесілі жер телімдері арқылы өтетін автожолды салу туралы шешімінен кейін болған. Тұрғындар мемлекет меншігіне алынатын жер үшін ұсынылған өтемақы мөлшерімен келіспеген.
 
«Чжунго Цзяотун Цзяньшэ Цзитуань» құрылыс компаниясының өкілдері бейсенбі, 8 мамыр күні бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жариялаған хабарламасында зардап шеккендер мен олардың отбасыларынан кешірім сұрап, ақшалай түрде өтемақы төлеуге кепілдік беретіндерін айтты.
 

Хабарламаларға жазылу