Қырғыз Республикасындағы Қазақстан Елшілігі Жеңістің 69 жылдығына орай мерекелік қабылдау өткізді.
Іс-шараға соғыс және тыл ардагерлері - Қазақстан азаматтары мен Қырғыз еліндегі қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.
Шара барасында Қазақстан Елшілігінің кеңесші елшісі Ербол Ахметов: «Біз барлық соғыс және тыл ардагерлеріне, өмірлерін қатерге тіге отырып, фашистерге қарсы соғысқандардың барлығына алғысымызды білдіреміз. Біз осы Жеңіс үшін өмірін қиғандарды әр кезде есте сақтайтын боламыз. Батырлардың даңқы мәңгі арта берсін», - деді.
Шара соңында ардагерлерге арнап әскери патриоттық әндер шырқалған мерекелік концерт өткізілді. Бағалы сыйлықтар беріліп, солдат ботқасынан дәм ұсынылды. Ардагерлер дәстүр бойынша Елшілік аумағында ағаш отырғызды.