Қазақстан екі қытайлық банктен 1,5 миллиард АҚШ доллары сомасында қарыз алды. Тиісті келісімге Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ҚХР-ға мемлекеттік сапары аясында қол қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Бәйтерек» холдингінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сонымен, Қытайдың экспорттық-импорттық банкі «Қазақстан даму банкі» АҚ-ға (ҚДБ - «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту және қайта жаңарту үшін 1 миллиард АҚШ доллары мөлшерінде қарыз берді.
Несие Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекет ретінде жеңілдікпен беріледі, деп хабарлады холдинг баспасөз қызметі.
Қытайдың мемлекеттік даму банкі ҚДБ-ге ШЫҰ Банкаралық бірлестігі аясында 500 миллион АҚШ долларын бөледі. Бұл қаражат Қазақстан экономикасының шикізаттық емес секторы жобаларын қаржыландыруға бағытталды, деп атап өтілген баспасөз хабарламасында.