Шанхайда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен қытайлық ғаламтор пайдаланушылары арасында сұхбат басталды. Алдымен Мемлекет басшысы «Синьхуа»ақпарат агенттігі сайтының пайдаланушыларымен тілдесті.
«Ауқымды Қытай аудиториясының алдында сөз сөйлеу мүмкіндігін беріп, шақырғандарыңызға рахмет», - деді Мемлекет басшысы онлайн сұхбат барысында.
Елбасына қойылған алғашқы сұрақ Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің рөлі мен даму келешегіне қатысты болды.
Нұрсұлтан Назарбаевқа «Синьхуа» сайтында түрлі тақырыптағы 1000-нан астам сұрақ жолданды. Онлайн сұхбаттан кейін Қазақстан Президенті қойылғандардың ішінен ең үздік сұрақты таңдап алып, оны жолдаған интернет-пайдаланушыға сыйлық тапсырады деп күтілуде. Айта кетейік, «Синьхуа» - 1931 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Қытайдың ірі мемлекеттік ақпараттық агенттігі. Оның штаб-пәтері Бейжіңде орналасқан. Сайтты күн сайын 58 миллионға жуық адам пайдаланады, веб-парақшаны қараушылар саны 280 миллионды құрайды. Бұған дейін ҚР Президенті Н.Назарбаев «Синьхуа» агенттігіне бірнеше мәрте жазбаша сұхбат берген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
|