Елбасы Албания Республикасының Премьер-Министрі Эди Рамамен кездесті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.
Кездесу барысында сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық саладағы екіжақты ынтымақтастықты жандандырудың негізгі жайттары талқыланып, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер айтылды.
Сонымен қатар, Президент Қазақстанның Албаниямен қарым-қатынасты жолға қоюға деген үлкен ықыласы бар екенін атап өтті.
Елбасы: «Жалпы алғанда, біздің ел үшін Еуропа ірі экономикалық серіктес болып саналады, алайда Албаниямен арамызда айтарлықтай қарым-қатынас жоқ. Өкінішке қарай, елдеріміз арасында экономикалық ынтымақтастыққа негіз болатын құжаттарға қол қойылмаған. Сіздің келуіңіз осы бағыттағы келіссөздерді бастап береді деп үміттенемін. Экономикалық ынтымақтастық, инвестицияны өзара қорғау, қосарланған салық салуды болдырмау, визалық режім туралы келісімдерге қол қою қажет. Бұл біздің компанияларымыздың бірлесіп жұмыс жүргізуіне негіз қалайды», - деді.
Ал Албания Республикасының Премьер-Министрі Эди Рама қабылдау үшін алғысын білдірді.