ҚР Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев мемлекеттік грант саны 800-ге қысқарғандығын мәлімдеді.
«Былтырғы жылмен салыстырғанда биылғы жылы гранттың саны сол деңгейде қалды деп айтуға болады. Дегенмен 800-ге азайды. Ол кейбір мамандықтарға мемлекеттік тапсырысты магистратураға ауыстыруымызға байланысты орын алды», - деді вице министр Тахир Балықбаев бұқаралық ақпарат құралдарына берген мәлімдемесінде.
Т.Балықбаевтың атап өтуінше, мүгедек, жетім балаларға және шетелден келген балаларға арналған арнайы квоталар өткен жылғы деңгейде қалып отыр. Яғни, бөлінген мемлекеттік гранттың 1 пайызы І және ІІ топтағы мүгедектер балалар тобындағы азаматтарға, 2 пайызы Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ талапкерлерге, 1 пайызы жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға беріледі.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылы шамамен 34 мың грант бөлінеді. Оның шамамен 12 мыңы техникалық мамандықтарға, 5 мыңға жуығы педагогикалық мамандықтарға, шамамен 2600-і ауыл шаруашылығы мамандықтарына беріледі.