Қазақстанда әлемде теңдесі жоқ «Бүкіләлемдік бокс академиясының» алғашқы оқу-спорттық кешені салынды. 2011 жылғы ақпанда Алматыда Бүкіләлемдік бокс қауымдастығы (АІВА) мен Қазақсан Бокс федерациясының арасында осы кешенді салу жөнінде келісімге қол қойылған болатын.
Бұл туралы Алматы қаласы маңында өткен баспасөз турында ҚР Бокс федерациясының вице-президенті Юрий Цхай айтты,-деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүкіләлемдік бокс академиясы - халықаралық стандарттар бойынша салынған бірегей ғимарат. Мұнда жаттығулар мен спорт жарыстарын өткізетін залдар, спорт бассейні, кәсіби футбол алаңы, теннис корты, баскетбол және волейбол алаңдары, тренажер залы, сондай-ақ, 160 адамға арналған қонақүй, конференц-залдар, дәмхана және асхана бар. Медициналық орталық салу жоспарлануда». - деді Ю.Цхай.
Оның айтуынша, биылғы жылы күзде академия әлемнің түрлі елдерінен қонақтарды белсенді қабылдай бастайды. Сонда ол спортшылар үшін ғана емес, жаттықтырушылар, төрешілер, дәрігерлер мен менеджерлер үшін де даму орталығына айналады.
«Бізде барлық жағдай бар, енді біздің жеңе білуіміз қажет. Бұл шын мәнісінде, ең үздік кешен. Тіпті менің Лондонға соңғы жарыстарға барған кезімде, дәл осындай қолайлы жағдай жасалған жерді көрген жоқпын. Сонымен бірге тамаша таза ауа да бойға сергектік береді, өйткені, кешен Алматы маңындағы Іле Алатауының бөктерінде орналасқан», - дейді бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев.
Оның айтуынша, 2016 жылы Қазақстан әйелдер боксы бойынша Әлем чемионатын өткізеді. Ал бүгінде мұнда қыздар арасындағы бокстан Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Моңғолия және Ресей спортшыларының халықаралық кездесуі өтуде.
|