Астанада дүйсенбіден бастап нан бағасы қымбаттайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада дүйсенбіден бастап нан бағасы қымбаттайды

11.06.2014
Астанада дүйсенбіден бастап нан бағасы қымбаттайды
 
Астанада нан бағасы қымбаттады. Бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында нан-тоқаш өнімдерін шығаратын ең ірі өндірушілердің бірі әлеуметтік нан бағасының өсу себептерін түсіндіріп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
 
«Әлеуметтік нан бар, қалыпты. Біз оны «кірпіш» деп атаймыз. Ол біздің зауытта 45 теңге тұратын. Жеткізуімен санағанда 48 теңге болатын. Қазіргі уақытта зауыттағы баға 50 теңге, яғни ол бес теңгеге жоғарылады. Жеткізуі 3 теңгеге қымбаттады, сондықтан қалаға жеткенде ол 55 теңге болады. Сауда орталықтарына біздің нанды 60 теңгеден асырмау жөнінде ұсыныс жасаймыз. Бірақ қазір нарықтық заман. Оларға бағаны сол деңгейде ұстап тұруға міндеттей алмаймыз», - дейді «Цесна астық» концерні» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі Илья Мещеряков.
 
Оның айтуынша, нан бағасы осы аптаның басында, дүйсенбіде жоғарылайды.
 
И.Мещеряковтың сөзіне қарағанда, нан бағасының өсуіне ұн мен бидай құнының жоғарылауы әсер етіп отыр.
 
«Біздің компания 50 теңгеден кем бағамен нан сата алмайды. Себебі нанның өзіндік құнының өзі шамамен 65 теңге болып отыр. Бізді түсінуге тырысыңыздар. 2008 жылдан бері компания нан бағасын өзгертпей келді. Себебі әлеуметтік жауапкершілікті түсінеді.  Қалыпты нан халықтың ең қажетті өнімдерінің бірі», - дейді ол.
 
Ресми деректер бойынша, соңғы алты жылда Астанада қалыпты нанның бағасы жоғарыламаған және 50-55 теңге көлемінде сақталып келді. Брифингте атап көрсетілгеніндей, бағаны ұстап тұруға мемлекеттік резервтегі астықтың арзан бағамен жіберілуі көмектесіп келген.
 
Қазіргі уақытта 19 наубайхана негізсіз бағаны өсірмеу жөнінде меморандумға қол қойды. Дегенмен елордадағы ең ірі өндіруші «Цесна» концерні» бұл келісімге қол қойған жоқ. Бүгінгі таңда нанның бағасы тек осы компанияда жоғарылады. 
 
 

 

Хабарламаларға жазылу