Бүгінгі таңда Парламент Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінде құрылған жұмыс тобы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үйқатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын екінші оқылымға дайындау үстінде. 21 мамыр күні аталған заңнамалық актінің жобасы бірінші оқылымдамақұлданған, деп жазады ҚазАқпарат.
Осы заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі Серікбай Нұрғисаев жетекшілік етеді. Депутат ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында заң жобасының мақсаты және қолданыстағы Кодекстер мен Заңдарға енгізілетін толықтырулар туралы айтып берді.
Оның айтуынша, енгізіліп жатқан түзетулердің ішінде қарызын төлей алмаған жағдайда, соттың шешімін орындап, мәжбүрлеп шығаруға қатысты бап бар. Қолданыстағы заңға сәйкес, соттың шешімі шыққаннан кейін үйде бір айға дейін мерзімде тұру мүмкіндігі болған.
Ал енді аталған норманы талқылау барысында жұмыс тобы осы мерзімді ұзарту және қыста, жылыту маусымы кезеңінде халықтың әлеуметтiк жағынан әлсіз топтарын шығаруға тыйым салу туралы шешім қабылданған. Яғни, оларға бір ай емес, бес-алты айға дейін мүмкіндік берілмек. Аталған ұсынысты Заң жобасын әзірлеуші тарап та толықтай қолдаған.
Сондай-ақ, көпбалалы отбасылар мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алғанға дейін олардың кезегін сақтауғы байланысты Заңға өзгерістер енгізілуде. Яғни, бұрын көпбалалы отбасылардың балалары 18 жасқа толған соң, оларды пәтер кезегінен алып тастайтын. Сол себепті көп балалы отбасылар үйсіз қалып қоя беретін еді.
«Біздің енгізіп отырған өзгеріс - балалары 18 жасқа толса да, тізімнен алуға болмайды. Ал балалары жеке отбасын құрғанда ғана, есепке алынбайды. Яғни, балалары 18 жасқа толған соң, көп балалы ата-аналарды пәтер кезегінен алып тастауды біз заңмен тоқтаттық», - дейді Серікбай Нұрғисаев.
Сонымен қатар, ол: «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға «бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері» деген ұғымды заңдастырдық. Өйткені қазіргі уақытта «бюджеттік мекеме», бюджеттік ұйымдардың қызметкерлеріне жатқызылған адамдар тобы Қазақстан Республикасының қандай да бір заңнамалық актісінде анықталмаған. Кезекте тұрғандардың тізімін жыл сайын түгендеу кезінде жергілікті атқарушы органдар растайтын құжаттарды ұсынуды талап етеді. Бұл өз кезегінде азаматтардың көрсетілген санаттары үшін мүмкін емес. «Бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері» ұғымы мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй беруге үміткер болуға құқығы бар адамдар тобын анықтау мақсатында енгізіліп отыр. Сөйтіп, бюджеттік мекеме - бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік кәсіпорын деп ашық жазып, тұрғын үй кімдерге берілетінін нақты анықтап бердік», - дейді.
|