«Қазақстан Барысы» республикалық турнирінің ұйымдастырушылары биылғы финалдық сыннан бес палуанның шеттетілгендігі туралы мәлімдейді.
«Қазақстан Барысы» турнирі талабына сәйкес ауылдық, аудандық іріктеу сындарынан өтпеген Қостанай облысының палуаны Ғабит Балғынбаев турнирдің финалдық бәсекесіне қатысу құқығынан айырылды. Жүргізілген тексеру шаралары нәтижесінде Ғабит Балғынбаев облыстық ІІІ іріктеу жарысына жергілікті спорт басқармасы басшыларының шешімі бойынша жіберілгендігі анықталды – деп хабарлайды «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қоры.
Сонымен қатар, «Допингке қарсы ұлттық орталығы» ММ-ның 2014 жылғы 20-шы маусымдағы допингтік сынама қорытындысына сәйкес қан құрамында допингтік зат анықталған Батыс Қазақстан облысының палуаны Дамир Қалақов, Қостанай облысының балуаны Михаил Твердохлебов, Астана қаласының палуаны Нұрғали Байтарақов және Маңғыстау облысының палуаны Манас Иманқұлов финалдық бәсекеден шеттетілді.
Осыған орай, 2014 жылғы «Қазақстан Барысы» жобасының ақтық додасында 28 балуан бақ сынайтын болады.
Турнирдің финалы 29 маусым да, Астана қаласындағы, «Сарыарқа» респуликалық велотрегінде өтеді.