Мұражайлар мен мұрағаттардың қызметкерлеріне қосымша төлемақы төлеу қажет. Мәжілістің жалпы отырысында депутат Гүлмира Исимбаева Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке жолдаған депутаттық сауалында осы мәселені көтерді. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметі хабарлады.
Халық қалаулысы мұражайлар мен мұрағаттар қызметкерлері бүгінгі таңда азаматтық қызметшілер арасында ең төмен жалақы алатынын тілге тиек етті.
«Ал қызмет барысында олар көптеген факторлармен: палеонтологиялық, археологиялық материалдардың радиациялық сәулеленуі, органикалық экспонаттарда шоғырланатын патогендік микроағзалар және көне металл артефактілердегі тотықтардың улы қоспалары, аллерген саналатын тозаң және талшықтар, қалпына келтіру және дезинфекциялық жұмыстар кезінде қолданылатын химикаттармен күнбе-күн жұмыс жасауда. Бұл мәселе әртүрлі деңгейде қаралып, тиісті мемлекеттік органдардың оң қорытындысын да алды, алайда күні бүгінге дейін шешімі табылған жоқ»,-деді депутат.
Депутат алдағы уақытта азаматтық қызметшілердің еңбегіне ақы төлеу жүйесіне жаңа енгізілетін өзгерістер ішінде, мұражайлар мен мұрағаттардың қызметкерлеріне қосымша төлемақы беру мәселесін қарастыруды сұрады.
|