Моңғолияның Зеңгіл ауданындағы «Руханият» мектебінің директоры Жексенбай Қайыпұлы және «Алтын құлын» халықаралық жас жыршылар байқауының қатысушылары Сағындық Табиғатқызы мен Тілекберді Жанарбекұлы арнайы Моңғолиядан келіп, «Таңшолпанға» сұхбат берді.
«Бұл байқау туралы «Балапан» телеарнасының продюсері Жанар Қожанова айтқан еді. Уақыт тығыз болғандықтан, 20 күннің ішінде балаларды таңдап, дайындықты бастап кеттік. Енді байқауға үмітімізді үкілеп келіп отырмыз»,-дейді Жексенбай Қайыпұлы.
Бірі «Қыз Жібек» жырын, бірі «Алпамыс батыр» жырын алып келген байқаудың екі кішкентай қатысушысы таңғы бағдарлама студиясында өнерлерін көрсетті.
Жат жердегі қандастардың тұрмысы турасында: «Моңғолияда 100 мыңдай қазақ тұрады. Көбі – Баян Өлгий аймағында шоғырланған. Қазақтың ұлттық салт-дәстүрі жақсы сақталған. Моңғолдар да қазақ сияқты «ағаш уықты, киіз туырлықты», дейді ғой. Сондай ұқсас халық болғандықтан, біз салт-дәстүрімізді солармен бірге сақтап қалғанбыз»,-дейді студия қонағы.