Қазақстанда еріген қар суын жинайтын 30 су қоймасы салынады. Астанада өткен конференцияда ҚР Қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Болат Бекнияз осылай деді.
Оның айтуынша, мемлекеттік бағдарлама аясында жасалып жатқан бұл шара бір жағынан халықты тасқын судың зардабынан құтқарса, екінші жағынан өңірдегі егістікті жазда суаратын сумен қамтамасыз етеді.
«Мемлекет қарауындағы су қоймалары бар өңірлерде төтенше жағдайлар болмады, деуге де болады. Өйткені, біз ол суды су қоймалары арқылы реттеп отырамыз. Ал ондай құрылыстар жоқ жерде өзеннің тасуы табиғатқа байланысты болады. Мәселен, Жайық өзенінде су қоймалары өте аз, сондықтан, көктем кезінде біз оның тасуын ауыздықтай алмаймыз. Оның ернеуінен асқан су тіпті көрші мемлекетке ағып кетеді деуге де болады. Неге бізге осы суды Қазақстан жерінде жинап алып, сосын өз пайдамызға жаратпасқа», -дейді Б.Бекнияз.
Төраға орынбасарының айтуынша, бүгінде осындай құрылыс нысандарын салуға қолайлы жерлер таңдалып қойған.
«Біз барлық облыстармен келісіп, өңірлерді аралап, су қоймаларын салуға болатын жерлерді іздестірдік. Соның нәтижесінде Қазақстанның әр өңірінде 30 шақты жаңа су қоймасын салуға болатынына көз жеткіздік», - деді Болат Бекнияз.
|