Елордада велоспортты дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасалуда.
2017 жылға дейін «Astana bike» жобасы аясында елордада 160 шақырымға жуық велосипед жолы салынады. EXPO-2017 көрмесінің нысандарын тамашалау үшін де жеке маршруттар жасалады.
Сондай-ақ, Астанада қалалық әкімдігі, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры»АҚ мен ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі арасындағы меморандумға сәйкес, қалаға велосипед бекеттерін орнату көзделген. Үстіміздегі жылы 40 бекет ашу жоспарланған.
«Astana bike» жобасы қолжетімді. Мысалы, бір бекеттен келесі бекетке жету алғашқы 30 минут тегін, содан кейінгі уақыт сағатына 100 теңгеден болады.
Бұл қаладағы экологиялық ахуалды айтарлықтай жақсартуға, көлік ағынының қарқындылығын азайтуға, сондай-ақ, қала тұрғындарын спортпен шұғылдануға ынталандыруға мүмкіндік береді.
Жобаның бірінші кезеңі бойынша Есілдің сол жағалауы 200 велосипедпен қамтылады. Алдағы уақытта олардың саны 1000 жеткізілмек. Ал, бекеттер санын 100-ге жеткізу көзделуде, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.