6-12 жас санатындағы ұлдар мен қыздар арасында шахматтан Азия чемпионатында Қазақстан командасы өз тарихында үздік нәтиже көрсетті.
Бұл туралы бүгін елордада өткен брифингте ҚР балалар мен жасөспірімдер құрамасының бас жаттықтырушысы Мұртас Қажығалиев мәлім етті,-деп хабарлады ҚазАқпарат.
«Ташкентте Қазақстан құрамасы үздік нәтиже көрсетті. Командамыз бұған дейін Азия чемпионатында мұнша медаль алған емес. Өткен жылы бізде небәрі 2 медаль болса, бұл жолы 14 медаль еншіледік», - деді ол.
Брифингтен кейін Азия жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне Қазақстан Шахмат федерациясы атынан бағалы сыйлықтар тарту етілді.
Айта кетейік, 20-29 маусым күндері Ташкентте өткен чемпионатта қазақстандықтар барлық жас санатында медальдарға ие болған еді. Атап айтқанда, Сәтбек Ахметдинов алтын медаль алса, Аңсат Алдияр (классика мен блиц), Аида Айдарқызы (классика), Әсел Серікбай (блиц), Әмина Қайырбекова (классика мен блиц), Назерке Нұрғали (классика), Бибісара Асаубаева (классика) күміс, Зейнеп Сұлтанбек (рапид пен блиц), Қазыбек Нөгербек (рапид пен блиц) және Меруерт Камалиденова (рапид) қола медаль еншілеген еді.
Қазақстанның жас шахматшылары үшін келесі маңызды жарыс осы жылдың қыркүйегінде Сербияда өтетін Әлем чемпионаты болмақ.