Алматыда жаңа автобус паркі пайдалануға берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда жаңа автобус паркі пайдалануға берілді

04.07.2014
Алматыда жаңа автобус паркі пайдалануға берілді

Қала басшысы жаңа автобус паркінің басшылығымен парк аумағында орналасқан өндірістік нысандарды аралап, олардың жұмыстарымен танысып шықты.

Түркісіб ауданында орналасқан жаңа автобус паркінде журналистер назарына газбен жүретін жаңа 50 автобус таныстырылды. Олар Алматы қаласының әкімдігі мен Еуропалық қайта құру және даму банкі арасындағы несиелік келісімшарт аясында Қытайдың «Ютонг» фирмасынан сатып алынған.

Журналистер мен жүргізушілер алдында сөйлеген сөзінде қала басшысы паркке қомақты қаржы жұмсалғандығын жеткізді.

«Міне, жақсы парк бой көтерді. Бұл осымен үшінші парк. Мұнда барлығы бар. Жалпы, 2009 жылдан бері жаңа муниципалды автобус парктерін салуға 16 миллиард теңге жұмсалды. Еуропалық қайта құру және даму банкі 120 миллион доллар несие берді. Алматылықтар қаланың қоғамдық көліктерінде жақсы тәртіп орнатылып жатқандығын сезді. Тың өзгерістерді жақсы қабылдады» - деді Ахметжан Есімов.

Биыл, күзге қарай, тағы да 150 автобус сатып алынбақ. Осылайша, жыл соңына қарай Алматыда газбен жүретін автобустардың жалпы саны 600-ге жетіп, қала көшелеріндегі барлық автобустардың 37 пайызын құрайтын болады.

Жаңа автобус паркінің аумағы 7 гектардан астам жерді алып жатыр. Мұнда жүргізушілер даярлайтын колледж, жүргізушілерге арналған жатақхана, жөндеу шеберханалары, автотұрақ, көлік жуатын, газ толтыратын орындар және қоймалар орналасқан.

Хабарламаларға жазылу