Аргентина құрамасының бас бапкері қызметінен кетеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аргентина құрамасының бас бапкері қызметінен кетеді

13.07.2014
Аргентина құрамасының бас бапкері қызметінен кетеді

Аргентина ұлттық құрамасының бас бапкері Алехандро Сабелья Бразилиядағы әлем чемпионаты аяқталған соң өз қызметінен кетеді. Бұл туралы аргентиналық радиода берген сұхбатында 59 жастағы маманның агенті Эухенио Лопес мәлімдеді.

2011 жылы «альбиселестені» басқарған Сабелья, соңғы 24 жылда алғаш рет  Аргентина құрамасын әлем чемпионатының финалына шығарды. Ақтық сында олармен неміс құрамасы бәсекеге түсетін болады.  

Бұл сында командасының бас жүлдеге қол жеткізуі - жаттықтырушы үшін кетер алдындағы ең бағалы сыйлық болар еді. Кездесуге итальяндық арбитр Никола Риццоли төрелік етеді.

Құраманың бас бапкері атанудың негізгі кандидаттары мамыр айында «Барселонадан» кеткен Херардо Мартино және мадридтік «Алетиконы» испания чемпионы атағын алуға септескен Диего Симеоне.

Telam мемлекеттік жаңалықтар агенттігі хабарлағандай,  Сабельемен жасасқан келісімшарттың мерзімі әлем чемпионатынан кейін аяқталады.  Құраманың бас жаттықтырушысы кетеді деген ақпаратқа аргентиналықтар қуана қоймады.

«Бұл туралы ақтық сынның алдында жариялағаны бұрыс болды, - дейді көп жыл бойы жанкүйер болып келе жатқан және өз тегін атаудан бас тартқан Факундо. - Бұл ойыншылар үшін жағымсыз жаңалық. Психологиялық тұрғыда оларға қиын болады».

«Сабелья өзгелер көп жылдар бойы бағындыра алмаған белесті бағындырды, - дейді Аргентина құрамасының тағы бір жанкүйері. - Ол дарынды ойыншыларды бір топқа біріктіріп, нағыз команданы құрастырды. Ақтық сынның нәтижесіне қарамастан бұл шешімнен бас тартса екен».

Сабельяның өзі Ole газетіне берген сұхбатында «Мараканедегі» кездесу туралы ғана ойлап жатқанын айтқан.   «Менің болашағым - әлем чемпионатында ойнайтын келесі ойынымыз. Бүгінде өзге жағдайлар туралы ойлауға болмайды деген пікірдемін», - деді бас жаттықтырушы.

Хабарламаларға жазылу