Жыл сайын елорданы абаттандыру, көгалдандыру және рәсімдеуге бағытталған жұмыстар қолға алынады. Биыл қаланың сырт келбетін жақсарту мақсатында 8 миллион гүл мен 6,5 мыңға жуық ағаш отырғызылды, қоршауларға мыңнан астам құмыра орнатылды.
Аудандарда гүлдерден 40-тан астам геометриялық пішіндер, аспалы «гүл ағаштары», ал ғимараттар мен құрылыстарда декоративтік көмескі жарық жасалды. Бірақ халыққа жасалған қолайлы жағдайларды бағалайтындар да аз.
Бүгінде вандализм жағдайлары еліміздің бас қаласында да тіркеліп отыр. Астана қаласының Ішкі істер департаменті Жедел басқару орталығының қызметкерлері бейнекамераның көмегімен көпірлердің бірінде орнатылған шамдарды сындырып жүрген ер адамды анықтады.
Жол-патрульдік полиция қызметкерлері оқиға орнына келіп жетті. Тәртіп бұзушы 9 шамды сындырған.
Ұсталған азамат аумақтық Ішкі істер басқармасына жеткізілді ол заң бойынша жауапқа тартылады.