– Жақында бұқаралық ақпарат құралдары күні қарсаңында Президент грантының иегері атандыңыз. Құтты болсын! Бұл журналистикадағы 10 жылдық тәжірибеңіздің жемісі деп білеміз. Бұл сіз үшін жеңістің шыңы ма?
– Рахмет. Бұл менің ғана емес, «Ұлттық арна» дейтін үлкен ұжымның жетістігі. Мен – ол ұжымның кішкентай ғана бөлшегімін. Ұлттық арна еліміздегі ең ірі, талай жылғы тарихы бар отандық тележурналистиканың қара шаңырағы. Сондықтан, бұл арнаның ұжымы қандай жүлдеге, марапатқа болсын лайықты ұжым.
Өйткені, қашанда ұлттың мүддесі үшін күресіп, ұлтқа жанашырлық танытып отырған елдегі бірден-бір телеарна. Сондықтан да, бұл жүлдені мен ұжымның мерейінен бөліп-жарып қарай алмаймын. Бұқаралық ақпарат құралдарының мерекесі қарсаңында журналистерге берген ең үлкен жүлделердің бірі - Мемлекеттік сыйлық болса, Президенттік грант жастарды ынталандыру үшін беріледі.
Соңғы уақытта жастарды көбірек ынталандыру үшін бұл сыйлықтардың маңызы, берілетін жүлде қоры артып отыр. Бұқаралық ақпарат құралдарында істеп жүрген жастарды мемлекет тарапынан қолдау деп білемін. Мемлекеттің Ұлттық арнаның үлкен ұжымының еңбегіне берген алғыстың басы деп түсінген дұрыс. Ал, жеке өзім үшін жеңістің ұшы емес әрине, жеңістің алғашқы баспалдағы деп білемін. Бұл сыйлық менің ел алдындағы жауапкершілігімді арттыра түседі.
– Қазіргі уақытта еліміздегі бірқатар университеттердің журналистика факультетіне талапкерлерді қабылдау науқаны жүріп жатыр. Жалпы, сіздің болашақ ізбасарларыңызға маман ретінде қандай ақыл-кеңес айтасыз?
– Журналистика – ол үнемі ізденісті талап етіп отыратын мамандық. Ең әуелі осыны есте ұстау қажет. Ал, мен тележурналистика саласы бойынша айтар болсам, қазіргі таңда жаңа, жас буын тележурналистикаға экраннан көріну үшін келеді. Мысалы, менде журналистикаға телеэкрандағы тележурналисттерді көріп, соларға еліктеп сол кісілер секілді болсам, деген ниетпен келдім. Бірақ, журналистикаға келген жас қыз-жігіттер бұл саланың оңай емес екендігін түсіну керек. Тележүргізуші экранда тек әдемі болып отыру емес, экранның бер жағында жұмыстың 99 пайызы жататынын біліп, соны сезіну керек.
– Эфирдегі Жайнагүл Төлемісованы халық біледі, жақсы таниды. Ал, экран сыртындағы Жайнагүл ханым қандай?
– Қарапайым қазақтың қызымын. Мені экраннан көргенде қандай болсам, өмірде де дәл сондай салмақты, сабырлы қызбын. Бұл сұрақты маған емес, менің жақын құрбыма қойған дұрыс шығар (күліп).
– Сіз халықтың, қазақ қыздарының айнасысыз. Сізді үлгі тұтатын сіңлілеріңізге айтар ақыл-кеңесіңіз?
– Өмірде, орындалмайтын дүние жоқ. Адам шын ниеттенсе, соған сенсе бәрі болады. Тек өзінің мүмкіндіктеріне кедергі қоймауы керек. Мысалы, бала кезде мен үшін тележүргізуші болу армантын. Ал, қазір бұл менің нан тауып жеп отырған кәсібім.
Адам еңбектен, талаптанудан талмаса, бір нәрсенің орындалатынына сенсе ғана арманы жүзеге асады. Сондықтан, кез келген нәрсе бір демде топ етіп келе қалады екен, оңай түсе қалады екен деген жалған психологиядан арылу керек. Жеңіс - талмай еңбек етудің арқасында келеді.
Бір іске икемі келмей тұрса, ол менің қолымнан келмейді деп емес, қолымнан келтіруге тырысамын, мүмкіндігінше одан да артығырақ дүние жасауға тырысамын деген талпыныс-психология және сол жолда талмай, күн демей түн демей өзіңнің қажыр-қайратыңды еңбек арқылы жұмсау түптеп келгенде алдағы уақыта ілгерілей беруге, еңбегіңнің өрлей беруіне алып келетін қарапайым ғана өмірлік ережелер. Ең бастысы – алға қарай ұмтылу керек.
Біздің анықтама:
Туған жылы: 8. 05. 1984
Еңбек тәжірибесі: 10 жыл
2004-2006 ж. «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасында редактор-жүргізуші
2007-2008 ж. «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасында жаңалықтар қызметінің шеф-редакторы
2008 ж. «Қазақстан» РТРК» АҚ ақпаратты және сараптамалық бағдарламалар дирекциясының Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі
2009 ж. «Қазақстан» РТРК» АҚ ақпаратты және сараптамалық бағдарламалар дирекциясы, тілші
2010 ж. «Қазақстан» РТРК» АҚ ақпаратты және сараптамалық бағдарламалар дирекциясы, редактор-жүргізуші
Жұлдыз жорамал белгісі: торпақ
Қызығушылығы: ән айту, атқа мініп серуендеу, жүзу, кітап оқу
Сүйікті мезгілі: жаз
Адамдардағы бағалайтын қасиеті: шыншылдық, өткірлік, жауапкершілік
Сүйікті сусыны: бабымен ашытылған қою шұбат
Сүйікті түсі: ашық қою түстер, ақ, қызыл