Әлемдегі ірі әлеуметтік желілердің бірі – Facebook пайдаланушылардың өзіне ұнаған веб-парақшаны кейін оқуға мүмкіндік беретін «Сақтау» батырмасын іске қосты. Бұл туралы Facebook-тің ресми блогында хабарланды.
«Пайдаланушылар күн сайын Facebook бетінен түрлі қызықты ақпараттарға кезігеді. Алайда, оның бәрін бір мезетте оқып шығу мүмкін емес. Сол себепті, Facebook интернет-парақшаларды, қызықты жерлер мен фильмдерді, телешоулар мен музыкаларды сақтауға мүмкіндік жасады»,-дейді бағдарлама авторлары.
«Сақтау» (Save) батырмасы «Маған ұнайды» (Like) батырмасының жанында орналасады. Сақталған материалдар тізім түрінде мұрағатталып, автоматты түрде категория бойынша түгенделеді. Тізім пайдаланушының өзіне ғана көрінетін болады. Бірақ, егер пайдаланушы қандай да бір ақпаратты достарымен бөліскісі келсе, оған да мүмкіндік бар.
Функция веб-нұсқада да, Facebook-тің iOS және Android платформаларына арналған мобильді қосымшаларында да жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ, сақталған контент барлық құрылғыларда бірден жаңарып отырады.
Тізімге рұқсатты Facebook-тің негізгі парақшасындағы сол жақтағы мәзірден немесе мобильді қосымшаларда «Толығырақ» (More) қосымша бетінен алуға болады.
Пайдаланушы Facebook-ке кірген кезде жаңалықтар лентасында сақталған материалдар туралы ескерту белгі көрсетіліп тұрады.