Шымкентте 195 көшенің атауы өзгереді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте 195 көшенің атауы өзгереді

23.07.2014
Шымкентте 195 көшенің атауы өзгереді

Шымкентте 195 көшенің аты өзгереді. Шымкент қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қызметкерлері  қалалық мәслихатқа осындай ұсыныс тастады, деп хабарлайды otyrar.kz.

Оның 178-інің атауы қайталанатын көшелер, 16 көшенің атауы ескірген. Ал, бір көшенің тіпті атауы жоқ.

Көше аттарын ауыстыру себебі, 2013 жылдан бастап Шымкент қаласының картасына  40 шақты елді мекеннің енуі. Бұл елді мекеннің әрқайсысында  Әуезов, Темірлан, Абай, Момышұлы, Бейбітшілік және т.с.с. атаулар кездеседі.

Атаулардың бір қала шеңберінде қайталануы жедел жәрдем, құтқару қызметі, өрт сөндірушілердің жұмыстарына кедергі болуда.

Жаңа атаулар мәліметтер базасынан алынады. Қала көшелерінің атауларын өзгерту туралы кеңес Қазақстан Республикасының ономастика туралы Заңына енгізілген өзгерістерге сай  ашық форматта өтті.

Қалалық мәслихат депуттары жеті күн ішінде кеңес қорытындысы бойынша дайындалған хаттаманы  Шымкент қаласының әкіміне жіберулері керек. Барлық ұсыныстар жергілікті ресми баспасөз беттерінде және қалалық әкімшіліктің ресми сайтында жариялануы тиіс.  

Шымкент қаласының әкімі өз кезегінде атауларды өзгерту жөніндегі ұсынысты Астанадағы республикалық ономастика комиссиясының қарауына ұсынады.  

Шымкент қаласында барлығы 1964 көше бар. Көше атауларына байланысты жарияланған  мораторий 2010 жылдың қараша айынан 2014 жылғы ақпан айына дейін болатын.

 

Хабарламаларға жазылу