«Мектепке жол» акциясы аясында Павлодар облысының 9,5 мың оқушысына 86,6 миллион теңге көлемінде материалдық көмек беріледі. Дәстүр бойынша акция 1-тамызда басталып, 30 қыркүйекке дейін жалғасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Биылғы акция «Балаларға бақыт сыйла!» деген ұранмен өтуде. Шараның мақсаты: көпбалалы және тұрмысы нашар отбасынан шыққан балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бүлдіршіндерге көмектесу болып табылады.
«Біздің ұстаным - 1-ші қыркүйек күні барлық мектеп жасындағы балалар мектеп партасына отыруы тиіс. Ал, көмекке мұқтаж балалар саны шамамен 3 мыңға жетіп жығылады. Оларға мектеп киімі, аяқ киім және мектеп құралдары сияқты заттар сыйлыққа беріледі», - деді облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Қорлан Құсбеков.
Жыл сайын бұл шараға жергілікті әкімдіктер, мемлекеттік мекемелер, ірі кәсіпорындар мен қалалық және ауылдық кәсіпкерлер атсалысуда.