Сәбит Дөнентаевқа қатысты құнды деректер табылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сәбит Дөнентаевқа қатысты құнды деректер табылды

20.08.2014
Сәбит Дөнентаевқа қатысты құнды деректер табылды

Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты Ақсу өңірінің тумасы, ақын, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Сәбит Дөнентаевтың 120 жылдық мерейтойы қарсаңында Семей қаласынан ақынға қатысты  тың деректер жеткізді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасы мен Абай қорық-мұражайында сақталған тарихи деректерде С. Дөнентаевтың шығармашылығы мен оның сөзге шебер, шешен, ділмар, дарынды тұлға ретінде ерекше қырлары жазылған.

Мәселен, Сәбит Дөнентаевтың батасын алған қаламгер ақын Сәду Машақовтың «Ақын Сәбит Дөнентаев» (есте қалғандар) атты қолжазбасы бар. Өз естелігінде ол 1925 жылғы ақынмен кездесуі туралы жазады.

Сәбит Дөнентаевқа 1905 жылғы революция туралы өлеңімді көрсеткенде: «Жақсы өлең тың тұрмыстан туады. Ақын тұрмысты жақсы білуі керек. Ақын болу – білімді керек қылады. «Білімсіз ақын – бейшара ақын» деп Абай айтқан. Өлеңді жақсы жазу үшін жігер, талап керек. Сен 1905 жылы революциядан кейін тудың. Революцияны көрген жоқсың... Алайда тек көрген нәрсеңді жазып, көрмегенді жазба десек, онымыз дұрыс та болмас. Өлең өмір тәжірибесінен, зерттеліп туса, жақсы шығады», - деп айтқан екен.

Сонымен қатар, ол  еңбектердің арасында  «Демократия туын көтерген қаламгер» және ғалым, әдебиет зерттеушісі, филология ғылымдарының докторы Ханғали Сүйіншалиевтің ақынның 80 жылдығына орай «Дархан дарын иесі», Сәбит Дөнентаевтың ұлы Абайдан тәлім алғанын растайтын Сәбит Мұқановтың 1951 жылы шыққан «Абайдың шәкірттерінің бесіншісі – Сәбит Дөнентаев» атты мақалалары, Дихан Әбіловтің 1981 жылы Алматы қаласында шыққан «Ой-толғау» кітабы, зерттеуші, ғалым Балташ Ысқақовтың «Мектеп» баспасында 1966 жылы жарық көрген «Сәбит Дөнентаевтың ақындық жолы» кітабы, Ахат Құдайбердиевтің ақынның араб қарпінен аударған қолжазбалары бар.

Айта кетерлігі, Абай қорық-мұражайында 1914 жылы 15 шілдеде жарияланған «Айқап» газетінің 13 санында Сәбит Дөнентаевтың «Көкшетаудағы көргендері» атты фельетоны мен өлеңдерінің араб қарпіндегі үлгісі, қолтаңбасы мен суреттері сақталған.

Хабарламаларға жазылу