Дәстүрлі қайырымдылық Алматы Марафоны салауатты өмір салтын ұстанушыларды алыс қашықтыққа жүгіруге тағы да шақырады. 20 тамызда іс-шараның www.almaty-marathon.kz ресми сайтында 2015 жылдың 15 сәуіріне дейін он-лайн тіркеу рәсімі басталады.
«Бірінші болу – батылдық» ұранымен төртінші рет өткізілгелі отырған марафонда 3 км, 10 км, 21 км, және 42 км 195 метр қашықтықтарға жүгіруге 15 000-нан астам адам жиналады деп күтілуде. Сонымен қатар, корпоративтік командалар үшін «Экиден» марафон эстафетасы өткізіледі.
Марафонға алдын-ала бастапқы жарна төлеген 10 жастан асқан кез келген адам қатыса алады. Жыл сайын Алматы Марафонының қатысушыларымен жиналған қаражаттың барлығы ірі қайырымдылық жобаларын қолдауға жұмсалады.
Мысалы, өткен марафондардың арқасында ауыр науқасқа шалдыққан үш кішкентай қазақстандықтың аса қымбат ем алу шарасы төленді, сонымен қатар, церебралды салдану (ДЦП) ауруына шалдыққан балалардың ортаға бейімделуіне арналған шағын акватория салынды.
Алматы Марафонының ұйымдастыру комитеті жиналған қаражатты айқын мақсатқа сай пайдаланғаны және олардың қалай жұмсалғаны бойынша құжаттарды ұсынуға кепілдік береді.
Марафон нәтижелерін тіркеу Қазақстан үшін бірегей MyLaps атты әрбір қатысушыны бақылау және жүгіру уақытын есептеу жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Бұл жүйе халықаралық стандарттарға сәйкес келеді.
Біздің анықтама:
«Бірінші болу – батылдық» Алматы Марафоны – Алматы қаласы әкімшілігі, ҚР жеңіл атлетика федерациясы және World Class Almaty фитнес-клубының қолдауымен 2012 жылдан бері өткізіліп келе жатқан халықаралық спорт шарасы.
2013 жылдың аяғында Алматы Марафоны Марафондар мен Жүгірулердің Халықаралық Қауымдастығының (AIMS) мүшесі болып, әйгілі Бостон, Амстердам, Нью-Йорк және т.б. марафондарымен деңгейлесті.