Бүгін ҚР Халық әртісі, дәстүрлі әнші Қайрат Байбосынов және Балуан Шолақтың немересі Айбат Құдайбергенқызы «Таңшолпанда» қонақта болды.
«Сәбит Мұқанов сынды танымал тұлғалар біздің үйге жиі келіп, атамыздың әңгімесін тыңдап кететін. Балуан Шолақ атамызға қара күш нағашы жұрты Қанай би жағынан дарыған. Атамыздың анасы Қалампыр әжеміздің өзі әнші, әрі палуан болған. Жиын-тойдың көркін келтірген.
Балуан Шолақтың Бәтен деген қызына да бұл қасиет дарыған. Ол кісі келін болып түсіп отырған шақта, бір өгіз батпаққа батып кеткен бе, әлде құдыққа түсіп кеткен екен. Сол кезде Бәтен апамыз: «Атам рұқсат берсе, мен шығарып берейін», деп рұқсат алған соң, әлгі өгізді сүйреп шыққан екен», деп еске алады палуанның немересі.
Қызықты да, мәнді естеліктерімен бөліскен Айбат Құдайбергенқызы сондай-ақ, студияда 20 келілік гір тасын көтерді.
Қайрат Байбосынов та палуан турасында естіген әңгімелерінің бірін айтып берді. «Менің қайын атам Иманғазы деген кісінің айтқан әңгімесі бар еді. Ол кезде атам 6-7 жастағы бала екен. Сонда Балуан Шолаққа ерген жүз шақты жігіт сол ауылға қонақ болып, түрлі ойын көрсетіп, халықты риза еткен екен.
Атамның әкесі Балуан Шолаққа: «Балам, менің бір жан баласына ұстатпайтын, тағы болып кеткен қарагер атым бар еді. Соны ұстап бере аласың ба?», деп өтініш айтады. Палуан сөзге келместен келіседі. Сосын «текше тас қойыңдар, оның тасасында мен тұрамын, арғы жағынан дәліз жасап, жылқының бәрін өткізіңдер», дейді.
Жылқылар бірінен соң бірі өте береді, бір кезде қарагер жылқы тастың тұсынан өте бергенде, палуан көз ілеспес жылдамдықпен жылқының құйрығын қолына екі орап алып, тартып қалады. Сонда жылқының алдыңғы екі аяғы аспанға асылады да қалады. Жіберіп қалғанда, ат дірдектеп бір орында әзер тұрған көрінеді. Жылқының ағыны қандай болатынын білесіздер. Міне, қара күш!»,-дейді.
Сондай-ақ, Қайрат Байбосыновтың орындауындағы Балуан Шолақтың «Дүние» деген әнін «Таңшолпаннан» тыңдай аласыздар.