1985 жылы «Әлем дәрігерлері ядролық соғысты болдырмау үшін» халықаралық қозғалысы қатарында 41 елден 135 мың мүше болды. Бес жылдан кейін қозғалысқа 62 елден 200 мың адам кіреді.
Екі жылда бір рет конгресс мүшелері адамзаттың ең өзекті мәселелерін талқылауға жиналады. Конгресс жиыны үш рет АҚШ-та, екі рет Жапонияда кездесті. Ал, 1987 жылы делегаттар Мәскеуде жиналған.
«Әлем дәрігерлері ядролық соғысты болдырмау үшін» халықаралық қозғалысының президенттерінің бірі конгрессті Қазақстанда өткізу туралы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ұсыныс жасаған болатын.
Дүниежүзілік конгресстің дәрігерлері Мемлекет басшысының қолдауымен Семей полигонын зерттеуге кірісті. Семей ядролық полигоны – аймақтағы бірінші әрі ірі полигон.
Онда 40 жыл ішінде 468 сынақ жасалып, 600-ден аса ядролық және термоядролық құрылғы жарылды. Олардың жалпы қуаты Хиросимаға тасталған бомбадан 2,5 есе көп.
Көптеген уақыт бойы полигон жұмысы жасырын болды. Семей полигонындағы ядролық сынақтар туралы алғашқы болып Мұхтар Әуезов 1957 жылы Токиодағы атом және сутегі бомбасына тыйым салуға арналған Халықаралық конференцияда айтқан болатын.
Семей полигонында жүргізілген алғашқы зерттеулердің өзі аймақтың жоғары дәрежедегі радиоактивті ластануын көрсеткен. Дәрігерлерге ауруларға радиацияға байланысты дұрыс диагноз қоюға тыйым салынды. Сондықтан адамдарды тіпті басқа аурудан емдеген, дейді «Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың» бас директоры Абай Байгенжин.