Бүгін Алматыда жақында ашылған алғашқы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев зияткерлік мектебінде алғашқы қоңырау соғылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мектептің салтанатты ашылуына «Өркен» білім грантының иегері атанған мектеп оқушылары, олардың ата-аналары, сондай-ақ, өңірдегі ғылыми-педагог қызметкерлер қатысты. Жаңа білім ордасының табалдырығын 700-ден астам дарынды оқушы аттады.
Іріктеу нәтижесі бойынша 2014-2015 оқу жылында 672 оқушыға «Өркен» білім гранты бөлінген: олардың ішінде 259 – 8-сынып оқушылары, 240 – 9-сынып оқушылары, 173 – 11-сынып оқушысы. Жаңа оқу жылында білім ордасы жалпы саны 96 бала болатын 7-сынып оқушыларымен толықты.
Мектепке тек оқушылар ғана емес, мұғалімдер де қатаң іріктеуден өтті. 2013 жылғы маусымдағы, 2014 жылғы қаңтар мен маусымдағы өткізілген үш конкурстық іріктеу нәтижесі бойынша 518 үміткер қатысып, олардың 157-сі ұсынылған.
Жұмысқа ұсынылған мұғалімдер арасында I, II және III деңгей бойынша Педагогикалық шеберлік орталығының біліктілікті арттыру курстарында оқыған, Назарбаев Университетінің базасында мақсатты даярлықтан өткен 26 жоғары санаттағы мұғалім және басқалары бар.
Конкурста бір бос жұмыс орнына 5 адамнан келді. Мұғалімдер Алматы қаласынан, Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Семей қаласынан болды.