Құммен сурет салатын әнші – «Таңшолпанда» - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құммен сурет салатын әнші – «Таңшолпанда»

02.09.2014
Құммен сурет салатын әнші – «Таңшолпанда»

Жеке тұлғаның сан түрлі қабілетін  ашуға арналған құм терапиясы  XX ғасырдың 70 жылдары АҚШ-та пайда болған. Бұл өнерді игеріп, құммен суретке жан бітіріп жүргендер де бүгінде аз емес. Солардың бірі – әнші Мәди Бекдайыр.

Әрі әнші, әрі суретші жас өнерпаз «Қорлан» әнінің оқиғасын бастан-аяқ құммен өрнектеу  арқылы баяндаған. Көрермен тосын жаңалықты тосырқамай қарсы алыпты. Ешкімді қайталамайтын ерекше туынды ғаламторда аса танымалдылыққа ие болған. Өйткені, бейнебаян  желісі өте қызықты.

«Бейнебаян жайлау көрінісінен басталады. Киіз үйлер, отар-отар қой. Сосын бейбіт жатқан ауылға  жоңғарлар шабады. Бүкіл төңірек өртке  оранады. Ұлттық киімдегі қазақ аруы әп сәтте жүзін әжім торлаған кемпірге айналып кетеді. Кенет киіз үйлер зәулім ескерткіш болып, өсіп шығады. Кейін жаңа заман адамдары жаңа қалада сол ескерткішке келіп, бабалар рухына тағзым етеді»

Мәди Бекдайыр құммен сурет салу өнерімен осыдан 2-3 жыл бұрын айналыса бастаған. Содан бері шығармашылығын шыңдап келеді. Қоршаған ортаны, әсем табиғатты, жан-жануарларды бейнелеу – шеберліктің тек алғашқы сатысы.

Құммен салынған суреттің бір кемшілігі – оның ғұмыры қысқа.

«Құммен салынған сурет бір тамшы жауыннан да, үп еткен желден де өзгере салады. Яғни, бұл өте бір баянсыз, тұрақсыз нәрсе. Өмірдің әрбір сәті қайталанбайды ғой, құмда да солай. Бір суретті келесі жолы дәл сондай қылып жасай алмайсың»,-дейді суретші.

Ерекше өнер туралы қызықты мәліметті «Таңшолпаннан» көре аласыздар.

Хабарламаларға жазылу