Бүгін 5-ші шақырылымдағы ҚР Парламентінің 4-ші сессиясының ашылуында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке жыл соңына дейін «Ауыл шаруашылығы кооперациялары туралы» Заң жобасын әзірлеуді тапсырды.
«Агроөнеркәсіптік кешеннің өнімділігін арттыру үшін Үкімет салық заңнамасына өзгерістер блогын әзірледі. Биылғы күзде аталған Заң жобасы Мәжіліске енгізілеуі тиіс. Сонымен қатар, Үкіметке жыл соңына дейін «Ауыл шаруашылығы кооперациялары туралы» Заң жобасын әзірлеуді тапсырамын», - деді Елбасы.
Сонымен қатар, Президент осы салаға жыл сайын мемлекет тарапынан ұсынылатын субсидиялар артып отырғанын атап өтті.
«Жыл басынан бері 6,6 мың аграрлық бизнес субъектісі 72,5 миллиард теңге сомасындағы несие мен лизинг түріндегі қаржылық қолдауға қол жеткізді. Ұлттық қордан бөлінген 100 миллиард теңгенің ішінен қайта өңдеу өндірістері жобасына 25 миллиард теңге бағытталады. Қаржының тиімді жұмсалуына қатаң қадағалау мен есептілік болуы тиіс»,- деді Н. Назарбаев.
ҚазАқпарат