Қызылордада ғалымдар күріш өндірісін дамыту мәселесін талқылауда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада ғалымдар күріш өндірісін дамыту мәселесін талқылауда

05.09.2014
Қызылордада ғалымдар күріш өндірісін дамыту мәселесін талқылауда

Сыр өңірі – елдің күрішке деген сұранысының 95 пайызын қамтып отырған аймақ. Батыс және Орталық Азия елдерінің ғалымдары Қызылордада бас қосып, күріш өндірісін дамытудың жай-жапсарын талқылады. Бұл туралы облыс әкімдігі хабарлады, деп мәлімдеді strategy2050.kz.

Биыл шаруалар 81 мың гектар алқаптан өнім жинауға кірісті. Несібесін жерден терген қауым үшін қауырт шақта жаһан ғалымдары біздің өңірге арнайы ат басын бұрып, тәжірибелерімен бөлісті.

Ал, Халықаралық ғылыми зерттеу институтының болжамы бойынша Батыс және Орталық Азияда күріш өндіру көлемі 2035 жылға қарай 84 пайызға артпақ. Сала мамандары  ғалымдар ең алдымен тұзға төзімді жаңа сорттарды өндіріске енгізуге көңіл бөлу керектігін айтып отыр.

Бұл бағытта Ы.Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты белсенді жұмыс істеп жатыр. Институт директоры Серікбай Өмірзақов биыл өндіріске жаңа сорттар енгізгенін мәлімдеді. 

Күріштен өнім жинаудан Қазақстан әлемде 15 мемлекеттің қатарында. Елде орташа есеппен гектарына 45-50 центнерден өнім жиналады. Қазақстандық және Батыс пен Орталық Азия елдері ғалымдарының басын қосудағы негізгі мақсат – күріш өсіруден тәжірибесі бар елдермен іскерлік байланыс орната отырып, көшке ілесу.

Жалпы, шетелдік ғалымдар үш күн бойы семинар-кеңес өткізіп, шаруашылықтардың егіс алқаптарын аралап көреді.

Хабарламаларға жазылу