Өрескел қателіктермен шығарылған 5-сыныптың «Қазақстан тарихы» оқулығы келер жылы жаңартылады.
Бұл туралы бүгін елордада өткен брифингте ҚР Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі, орта білім және ақпараттық технологиялар департаментінің директоры Жаңыл Жонтаева мәлімдеді.
«Оқулық сапасы үнемі біздің назарымызда тұратын мәселе. 3-сыныптың оқулықтарымен қатар 2-сыныптың ағылшын тілі, 6 сыныптың информатика оқулықтары жаңартылды. Ал, 5-сыныптың жалпы тарих оқулықтарына байланысты бүкіл ақпарат құралдарындағы сын-ескертпелер жинақталып, арнайы жұмыс тобы құрылды.
Өткен жылы осы жұмыс тобы сәуір-мамыр айларында жұмыс жүргізді. Осыдан кейін Тарих институтына тапсырма берілді. Институт қазіргі таңда Қазақстан тарихынан оқулық дайындады. Ол сараптамадан өтті», - деді брифинг барысында ҚР БҒМ «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Бейбітгүл Кәрімова.
Жаңыл Жонтаева аталған оқулықтың келесі жылдан бастап, 5-сынып бағдарламасына енгізілетінін атап өтті.
Айта кетейік, 2010 жылы жарық көрген 5-сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» оқулығында бірқатар өрескел қателік жіберілген еді. Бұл мәселе БАҚ-тарда кеңінен талқыға түскен болатын.
ҚазАқпарат