Павлодар облысында он мыңнан астам оқушыға көмек көрсетілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысында он мыңнан астам оқушыға көмек көрсетілді

06.09.2014
Павлодар облысында он мыңнан астам оқушыға көмек көрсетілді

Павлодар облысындағы «Мектепке жол» акциясына қатысушылар тұрмыс жағдайы төмен отбасылардан шыққан 10133 оқушыны 1 қыркүйекке дайындауға көмектесті. Балаларға 74,7 миллион теңге көлеміндегі қаражатқа көмек көрсетілген. Бұл туралы облыстық Білім беру басқармасы хабарлады, деп мәлімдеді ҚазАқпарат.

Акцияға шағын және орта бизнес өкілдері, облыстың кәсіпорындары, мемлекеттік құрылым қызметкерлері, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, ұстаздар ұжымы, үкіметтік емес ұйымдар белсене қатысты.

Шара барысында Павлодар, Ақсу қалаларының кәсіпкерлері көшпелі мектеп жәрмеңкесін ұйымдастырды. Онда оқушыға қажетті құралдар, киім-кешек арзандатылған бағамен сатылды.

Ертіс аудандық Мәдениет үйінде өткен «Балаларға мейірімділік сыйла!» қайырымдылық акциясы барысында аз қамтылған отбасылардан шыққан 24 оқушыға мектеп және спорттық формалар, аяқ киімдер және кеңсе тауарлары табысталды.

Екібастұзда «М.Х.Қазымов» ЖК балалар мен жасөспірімдер үйінің 11 тәрбиеленушісіне кеңсе тауарлары, мектепке арналған киімдер мен аяқ киімдер сыйлады. Павлодар облысының ІІД ювеналды полиция бөлімінің қызметкерлері де Павлодар балалар үйінің оқушыларын жаңа мектеп формаларымен қуантты.

«Мектепке жол» акциясы өңірде қыркүйек айының соңына дейін жалғасады.

Хабарламаларға жазылу