Сұлтанбек Қожанов – XX ғасырдағы Қазақстан мен Орталық Азияның көрнекті қоғам қайраткері. Ұстаз, ғалым, публицист қай салада болса да, бірінші кезекте ойлағаны ұлттық мүдде еді. Ол үшін ымырасыз күресті. Еңбекшіл халқымен жақсы байланыс ұстап, экономикалық, әлеуметтік, мәдениет мәселелерін шешуге тырысқан.
Замандасы Н.Оңдасынов: «Халық жауы» болған жоқ, қайта өз халқының жарқын болашағы үшін күресті, сол үшін жазықты болды, сол үшін шыбын жанын құрбандыққа қиды. Қазақ елінің тұтастығы, тәуелсіздігі жолында тер төккен тұлға еді. Қазақ халқы атынан сөйлеген, жұрттың жоғын жоқтаған арлы да алғыр азамат болатын»,-дейді.
Ал Б.Қойшыбаев: «Қожанов ақиқат алдында ардақталуға әбден лайық тұлға. Оның өмір жолы, көзқарасы, ұстанымы бүгінгі таңда да ескірген жоқ, ол қазір де сан мың өскелең ұрпақ үшін – Тәуелсіздік мұратына қызмет етудің тамаша да көрнекті үлгісі бола алады. Рухы күшті, биік азамат. Оны тарих тұғырына көтеріп, мақтаныш ету – Тәуелсіздік күрескерлерінің қазіргі буыны үшін қарыз да, парыз да»,-деп жазады.
Сұлтанбек Қожанұлы Қожанов – 1894 жылы 10 қыркүйекте Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Ақсүмбе ауылында кедей қазақ отбасында дүниеге келген.
1910 жылы Түркістандағы 4 сыныптық орыс түзем бастауыш мектебін, 1913 жылы 3 сыныптық қалалық мектепті, Ташкент мұғалімдер семинариясын тәмамдаған. Ал, 1927 Мәскеуде БК(б)П ОК Марксизм-ленинизм курсын бітірген.
Саяси қызметін Ташкент қаласында семинария оқушыларынан құралған «Кеңес» атты астыртын жастар ұйымын құрудан бастаған. 1917 жылы көктемде Ташкентте Мұстафа Шоқай, Қ.Қожықов, Қ.Болғанбаев, С.Ақаевпен бірге «Бірлік туы» газетін шығарды.
Түркістан (Қоқан) автономиясына қызу қолдаушылық танытып, оны Кеңес үкіметінің әскер күшімен құлатуын жергілікті халықтың өзін-өзі билеу құқығын аяқ асты етушілік деп бағалады. Өлкеде кеңестік билік тұсында болған ашаршылыққа қарсы күресте белсенділік танытты.
Аштықпен күресетін орталық комиссияның мүшесі ретінде 1918 жылы қараша айынан бастап Түркістан, Созақ, Жаңақорған, Қызылқұм, Шиелі өңірлерінде ашыққан адамдарды тамақтандыратын арнайы орындар ашуды ұйымдастырды.
1921 жылы қазанда Халық ағарту халық комиссары болып тағайындалды. Түріккомиссияның Ресейде іске асырылып жатқан коммунистік шараларды Түркістан өміріне күштеп енгізуге, таптық күресті шиеленістіре түсуге, сөйтіп ұлттық мәселені кейінге ығыстырып тастауға бағытталған әрекетіне қарсы тұрды.
Оқу-ағарту саласында білім беруді жергілікті халықтар тілінде жүргізу мәселесін көтеріп, оны жүзеге асыруды талап етті. Сұлтанбекті тағы бір қырынан танытатын «Есеп тану құралы» атты оқулығы.
Ол көпшілікке арналған қазақ мектебінің математикадан бірінші оқулығы болатын. Кітап өте түсінікті, қызықты жазылған. Арифметиканың негізгі тәсілдерінен басқа да қыр-сырларын аша түседі.
Қайраткердің алғыр қабілеті, терең білімі, қайсар мінезі туралы елде көп аңыз-әңгімелер тараған. Қожановтың ең бір есте қалар қасиеті – білімге құштарлығы. «Ол қысқа ғана ғұмырын ізденумен өткізді»,- дейді бір сөзінде жары Гүләндам.
Сұлтанбек Қожанов 1921 жылы Бүкілодақтық 12-ші съезде Қазақстанның жағдайын ашып айтып, көкейінен кетпейтін ұлт мәселесіне де жеке тоқталады. Патшалық құрылыс тұсында теңдік көрмеген халықтарға білім беру мәселесін көтереді. Ұлттардың салт-дәстүрін, тілін, мәдениетін дамыту жолдарына тоқталды.
Жалпы жұртқа арналған ұлт мектептерін, кәсіптік оқу орындарын көбірек ашу керегін анық көрсетеді. «Еуропа мектептерін үлгі ретінде алғанмен, олардағы оқу процессін ана тілінде өткізу керек»,-деп өз ұсынысын жеткізеді.
Жергілікті ұлт өкілдерінен маман кадрлар дайындау, курстар, институттар ашу мәселесіне де тоқталады. Институттарға түсу үшін жастарға дайындық көрсететін курстар, бөлімдер ашып, көмектесу қажеттігін баса айтады.
Сондай-ақ, ол Мәскеу, Петроград секілді ірі қалаларда жоғары оқу орындарында білім алып жатқан түркістандық жастарға материалдық көмек көрсетуде бірқатар іс-шараны жүзеге асырды. Түркістанда баспасөздің және ұлттық театрдың өркендеуіне елеулі үлес қосты.
«Ақ жол» газетін шығаруды ұйымдастырып, оның алғашқы редакторы болды. 1922 жылы Түркістан республикасының Жер шаруашылығы халық комиссары болып тағайындалысымен, ауыл ахуалына ерекше көңіл бөліп, өлкедегі жер-су реформасына тек таптық қана емес, сонымен бірге ұлттық сипат беру бағытын да ұстанды.
Қожановтың тікелей ұсынысымен Кеңестердің І съезі қазақ халқы тарихи атауын (патшалық тұсынан бұрмаланып қалыптасқан «киргиз» деген атты төл атауына – «қазаққа» түзетіп) қайтарып, астаналық қала атын Қызылорда деп өзгертті.
Қожанов негізгі міндеттерін қоғамдық, ғылыми-шығармашылық жұмыстармен ұштастырып отырды. Мектепке арналған «Есептану құралы» атты оқулығы (1924), «Түркістанның Кеңестік Автономиясының он жылдығына» атты орыс тіліндегі зерттеуі (1928) жеке кітап болып шыққан.
РК(б)П ОК ұлт қызметкерлерімен өткізген Төртінші кеңесінде (1923), РКФСР ХКК төрағасының орынбасары Т.Рысқұловтың басқаруымен өткен жеке кеңесте (1926) сөйлеген сөздерінде, сондай-ақ, И.В. Сталинге 1927 жылы жазған екі хатында Қожановтың саяси көзқарастары мейлінше айқын тұжырымдалған.
Ол 1937 жылы 16 шілдеде Ташкентте тұтқындалып, саяси қуғын-сүргін құрбаны болды. 1957 жылы ақталды. Алматы, Шымкент қалаларындағы көшелерге Қожанов есімі берілген. Түркістанда ескерткіш қойылған.
Сурет: «Алашорда» кітабынан