Британиялық жазушы, 2010 жылғы Букер сыйлығының иегері Говард Джейкобсон «J» романымен тағы да сыйлыққа ұсынылғандар қатарында тұр.
Алты адамнан құралған үміткерлердің есімін қазылар алқасының төрағасы, философ Энтони Грейлинг жариялады.
Сондай-ақ, тізімге шотландиялық жазушы Али Смит «How to Be Both» романымен екінші рет еніп отыр.
Олардың қатарында америкалық Джошуа Феррис пен Карен Джой Фаулер, австралиялық жазушы Ричард Флэнаган, британиялық Нил Мукерджи бар.
Байқаудың биылғы жылғы ерекшелігі - кітабы Ұлыбританияда басылып шыққан ағылшынтілді жазушылар үміткер бола алады.
Жеңімпаз Лондонда 14 қазанда анықталады. Салтанатты рәсім Гилдхолл залында өтпек.
Букер сыйлығы 1968 жылдан бері бастау алып келеді. Сыйлық иегеріне берілетін қаржылай сыйақы көлемі 50 мың фунт стерлингті құрайды.