19-21 қыркүйек аралығында Астанада Татарстан Республикасының мәдениет күндері өтеді. Қала тұрғындары мен қонақтарының назарына қызықты бағдарлама ұсынылмақ, деп хабарлайды astana.kz.
19 қыркүйекте Бейбітшілік және келісім сарайында 450 әртістің қатысуымен гала-концерт өтеді. Астаналықтардың бауырлас халықтың ұлттық биімен, әнімен жақынырақ танысуына мүмкіндік бар. Қазақтың бұлбұл әншісі Бибігүл Төлегенова қатысады.
Ал, 20 қыркүйек күні «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығы жанындағы алаңда мерекелік халықтық серуен өтеді. Татар халқының ұлттық стилінде рәсімделген қалашық жасалып, өнеркәсіптік көрме, шығармашылық ұжымдардың концерті, спорттық жарыстар ұйымдастырылады.
Сондай-ақ, шара барысында татар халқының ұлттық тағамдарынан дәм тату мүмкіндігі туады. Халықтық серуен таңертең сағат 10.00 басталып, кешкі сағат 18.00-ге дейін жалғасады. Жастар үшін мерекелік би кеші өткізіледі. Шараға Қазаннан келген 650-ге жуық әртіс атсалысады.