Астананың сол жағалауындағы Талдыкөлді жою жобасын тездету қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астананың сол жағалауындағы Талдыкөлді жою жобасын тездету қажет

11.09.2014
Астананың сол жағалауындағы Талдыкөлді жою жобасын тездету қажет

Астананың сол жағалауындағы Талдыкөлді жою жобасын тездету керек. Бүгін Сенаттың жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған сенатор Жабал Ерғалиев осы мәселені көтерді.

«Астана қаласының сол жағалауындағы Талдыкөлдің айналасына сонау 1969 жылы жасанды бөгет салынып, ол кәріздік сарқынды суларын жинақтап, әлі де тазартылған сарқынды суларын аккумуляциялауға арналған сыйымдылық болып отыр. Қазір осы Талдыкөл аймағында «Жағалау» ықшамауданы негізінде тұрғын үй кешендері жедел қарқынмен салынып жатыр. Алайда жаз бойы сарқынды судың қолқаны қабар жаман иісі әлі де қолайсыздық туғызып келеді», - деді сенатор Жабал Ерғалиев.

Бұл ретте депутат Елбасының тапсырысымен аталмыш сарқынды су жинақтаушысын жою жобасы жасалғанын, оны 2011-2016 жылдары жүзеге асыру көзделгенін атап өтті. Жобаның мақсаты - тазартылған сарқынды суларды Есіл өзеніне жіберіп, Талдыкөл су жинақтаушысының ауданын 2 мыңнан 600 гектарға дейін азайту, сондай-ақ тазарту құрылғыларының өнімділігін тәулігіне 136-дан 254 мың текше метрге дейін ұлғайту көзделген.

«Қазіргі уақытта «EXPO-2017» халықаралық көрмесінің негізгі павильондары да Астананың осы аймағына жақын маңда салынып жатқанын және де бұл көрменің 2017 жылы жаз айларында өтетінін ескерсек, осы Талдыкөл сарқынды су жинақтаушысын жою жобасын тезірек жүзеге асырудың маңыздылығы арта түседі», - дейді сенатор.

Фото: astana.gov.kz

Хабарламаларға жазылу